Тек бесік арбада жатқан 3 жасар бала тірі қалған
Алматы облысының Жамбыл ауылында жолдан өткісі келген ер адам мен екі баланы жүк көлігі қағып кетті. Кеше түстен кейін болған қайғылы жағдай сондағы видеобақылау камерасына түсіп қалған. Апат салдарынан 53 жасар азамат пен қызы мерт болды. Толығырақ, оқиға орнына барып келген Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас айтсын.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан оқиғаның қалай болғанын толық көруге болады. Апат орнында 9 және 3 жасар бала мен олардың әкесі және 45 жастағы жүргізуші болған. Балаларын ерткен әке жүргіншілер жолағынан өтпек болады, ал екі бірдей тиеме тіркеген жүк көлігі тоқтай алмаған. Арбадағы ұлын әкесі итеріп үлгерген.
Аталған оқиғаның куәгерлері көп, дегенмен біршамасы камераға сөйлеуден бас тартты. Ал, дәл осы маңдағы ет сататын дүкеннің иесі 9 жастағы қыз да, оның әкесі де 10 минуттай тірі болды дейді. Олар қызға жасанды дем беру арқылы жедел жәрдем келгенше аман сақтап қаламыз деп ойлаған. Дегенмен, екі адам да көмек келгенше жан тапсырған.
«Мен айғай боп жатқанда келіп көрдім, бірақ жанына бармадым. Қыз дөңгелектің жанында жатыр екен, сап-сары боп кетіпті. Алик өзі арғы жағында жатты. Көзін ашып сөйледі дейді. «Қызым тәуір ме?» депті. Жақсы деген соң көзін жұмыпты», – деді куәгер Ажаргүл Ахметова.
«Жылда осындай болады. Бағдаршам керек негізі. Мына оқушылар, карантин болып, балалар үйде Құдай сақтады ғой. Сонда да көшеге шығып кетеді, дүкенге барады, қиын», – деді марқұмның көршісі Мырзагүл Баймәмбетова.
Қаза болған Әлібек Гасановты мұндағы жұрт түгел таниды. Ол етік тігіп, кәсіп істеген қарапайым адам еді дейді. Мына жұмыс орнында ол қызымен бірге сабақ оқып, ұлын ойнатып, бар уақытын балаларымен өткізіпті.
«Бала ғой ол, періште! 5 жыл бала көтере алмап еді, әрең дегенде Құдайдан тілеп алған перзенттері еді. Тоғыз-ақ жыл өмір сүрді ғой... Не үшін? Жол кінәлі! Мен жүргізушіні де, інімді де кінәлі демеймін, бәріне жол кінәлі! Жолды жасамаған, қауіпсіздік белгісін қоймаған адамдар кінәлі! Соңғы жылда дәл осы жағдайдан әулетімізде 3 адам қайтыс болып отыр. Бұл не сұмдық?», – деді марқұмның әпкесі Мария Шамуиева.
Қазір аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал Жамбыл ауылының әкімдігі отбасы мүшелеріне қолдан келген көмекті аямаймыз деп отыр.
«Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бап, 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның бар мән-жайлары анықталуда», – деді Облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.
Әкімдік мамандарының айтуынша, жол апаты болған жер республикалық маңызы бар трасса болғандықтан, мұнда бағдаршам қоюға болмайды екен. Ал жылдамдықты қадағалайтын бейнебақылау камерасын орнату мәселесі жақын арада шешіледі дейді мамандар.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы