Алайда, тартылған қаражат кәсіпкерлік қызметке емес, жеке бастарын байытуға жұмсалды
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласында тұратын отбасылық жұптың басқа тұлғалармен бірлесіп, қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырғанын анықтады, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі бір компанияның атынан әрекет етіп әрі зор пайда табуға сендіре отырып, олар қала тұрғындарын қаржы пирамидасына 2000 АҚШ доллары көлемінде ақша салуға көндірген. Алайда, тартылған қаражат кәсіпкерлік қызметке емес, жеке бастарын байытуға жұмсалды.
Айыптылардың компаниясына бақылаудағы ақша салымын жасау арқылы ЭТД қызметкерлері қылмыстық топтың заңсыз қызметін әшкереледі. Тінту нәтижесінде ноутбуктер, ұялы телефондар және кеңсе құжаттамасы тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 217-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық жасау) бойынша сотқа дейінгі тексеру ісі тіркеліп, тергеу шаралары жүргізілуде.
Құрметті азаматтар! Егер Сізге осындай фактілер мәлім болған жағдайда, 8 (7172) 70-84-78 сенім телефоны арқылы Қаржы мониторингі комитетіне немесе Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне 8 (7262) 34-75-38, 8 (7262) 34-76-26 нөмірлері бойынша хабарлауыңызды сұраймыз.