Петропавлда 40-тан астам нысан жылусыз қалды

25.01.2024 20:20

Петропавлда жылу желілерінің 74 пайыздан астамы тозған

Almaty.tv

Петропавлда жұмысшылар екі жылу магистралінде болған апат салдарын жойып жатыр. Күні кеше құбыр жарылып, қаладағы 40-тан астам нысан жылусыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Апаттың бірі Мұқанов көшесінде болған. Бұрқырап аққан ыстық су жол жиегімен автотұрақ пен ғимараттарға дейін жеткен. Салдарынан 4 кәсіпкерлік нысан жылусыз қалды. Сауда орталығынан адамдарды шұғыл эвакуациялауға тура келді. Бірінші қабатты ыстық су басқан. Қазір халық шығынды есептеп жатыр.      

– Әрине, барлық шығын, келтірілген залал кейінірек бағаланады. Өздеріңіз көріп тұрғаныңыздай, ыстық судың буы жоғарғы қабаттарға дейін жеткен, – деді сауда орталығының өкілі Денис Гинергарт.

Тағы бір апат дәл қала орталығында болды. Мұнда бірнеше тұрғын үйді су басқан. Үрейленген тұрғындар дереу жылу қызметкерлерін шақырған.

– Оқиға сағат 11:58-де болды, мен 109-ға хабарластым. Олар хабардар екенін және келе жатқанын айтты. Ал сағат 12:30-да жылу өшірілді, жертөледегі ысырма қақпақты жаптық. Қазірдің өзінде салқын, пәтерлерде радиаторлар суыған. Бес қабатты ғимараттың барлығын су басты. Үшінші қабатқа дейін су атқылады, – деді қала тұрғыны Валентина Эйсмонт.

Жөндеу жұмыстары барысында 28 көпқабатты үй, 6 жеке тұрғын үй, балабақша және тағы бірнеше нысан жылудан ажыратылды. Анықталғандай, құбырлардың әлдеқашан тозығы жеткен. Осы мәселе апаттың туындауына себеп болған.

– Біз апат болған аумақты ғана оқшаулап, оның салдарын жоюға кірістік. Тозығы жеткен бұл жылу желілері 1970-80 жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Жыл сайын жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ көріп отырғаныңыздай, құбыр ескірген, – деді  «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының міндетін атқарушы Виталий Холоша.

Петропавлда жылу желілерінің 74 пайыздан астамы тозған. Жауапты мекеменің мәліметінше, Мұқанов көшесіндегі жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Ал қала орталығындағы 42 нысанға жылу берілді.

Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО