Салдарынан жиһаз бен жөндеу жұмыстары жарамсыз күйге түскен
Таразда тоқтаусыз жауған жауын бірнеше көпқабатты үйге залалын тигізді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан ғимараттардың шатырынан су ағып бірінші қабатқа дейін өтіп кеткен. Салдарынан жиһаз бен жөндеу жұмыстары жарамсыз күйге түскен. Жұрттың жанайқайын Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жеткізіп көрсін.
Таразда таң ата басталған ақ жауын кешке дейін жалғасты. Тәулік бойы тоқтаусыз төккен су облыс орталығындағы жаңғыртылып жатқан тұрғын үй тұрғындарының мазасын алды. Себебі ескі шатырды алып тастаған мердігерлер жаңасын салып үлгермеген. Енді төбеден төнген су тобыққа дейін толмай толастар емес.
Жетіден бері тоқтаусыз жауын жауды. Көріп отқан жағдайларыңыз осы. Ешкім келіп жағдайды да сұрамады. Шатырды тесіп тастаған. Ешкім көмек беріп жатқан жоқ.
Тұрғын үйдің жоғарғы қабатындағы пәтердің бәрінде осындай жағдай. Олар жуырда жасаған жөндеу жұмыстары босқа кетті деп налиды. Онымен қоса, жауын суы жиһаздарды да бүлдірген. Ендігі сауал оларды кім өтейді?
«Қараңыз мына жақтан ағып жатыр. Жатын бөлме бәрі ағып жатыр. Білмейміз не істейтінімізді? Өзім бронхымен ауырамын, осы жағдайдан кейін қалай боларын білмедім. Мына жақтың бәрі құлап жатыр», – деді қала тұрғыны Клара Төлешова.
«Мынаның бәрі кетті. Эмульсиямен бәрін әппақ қылғанбыз. Міне, быт-шыт болды. Мына жақта кішкентай балам ұйықтайды. Көріп отырсыздар, азаннан бері 20-25 рет сүрттім. Айтпақшы, теледидардың кабелінен баламды тоқ ұрды жаңа», – деді қала тұрғыны Аида Сартбекова.
Қала бойынша бірнеше үйде дәл осы жағдай. Жауаптылар үй үстін полиэтилен материалдармен бүркегенімен, ол оң әсерін бере қоймады. Ал, жағдайға кінәлі ауа райы дейді жауаптылар. Дегемен әкім орынбасары тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Себебі шығынды өтеу мердігердің мойнында екен.
«Тұрғындардан өтініш түсіп жатыр. 5-қабаттағы тұрғындардың кейбірінің үйінен су аққан. Ол бойынша мердігерлермен келісім бар. Келісімшартта да ол көрсетілген. Сол мердігердің есебінен қалпына келтірілетін болады», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев.
Айта кетерлігі, Таразда дәл осылай 80-ге тарта тұрғын үй жаңғыртылып жатыр. Дегенмен оның тек 26-сының ғана шатыры ауысқан. Ал, синоптиктер алдағы күндері де нөсердің болатынын ескертіп отыр. Аталған мәселелер тез арада шешімін таппаса, шығын көлемі еселеніп кетер түрі бар.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан