Қарағанды облысының, Сәтпаев қаласында 6 жастағы қыз баланы қаңғыбас иттер талап тастады. Ауыр жарақат алған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Аулада азулылардың арасында жалғыз қалған баланың ата-анасы қайда болған? Не себепті оларға жаза қолданылмақшы? Толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі Анар Қанатқызы тарқатады.
Жағдай 15 қарашада кешкі сағат 17.00 шамасында болған. Сәтпаев қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Жедел жәрдем» қызметкерлерінен қаладағы саяжайлардың бірінде денесінде ит қапқан белгілері бар бүлдіршіннің ауыр жарақат алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, жәбірленуші ата-анасымен бірге аталған саяжайда тұратыны анықталыпты. Сол күні қыз бала үлкендердің қарауынсыз аулада иттердің ортасында қалып қойған көрінеді.
«Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Полиция қызметкерлері баланың ата-анасын жауапқа тарту сұрағын қарастыруда. Ит аулайтын ветеринарлық қызметке ұйғарым жіберілді», – деді облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Қайтыс болған баланың тағы екі әпкесі бар. Барлығы бірге қала сыртындағы саяжайлардың бірінде өгей әкесімен бірге тұрады. Қайғылы оқиға орын алған күні бүлдіршін өгей әжесіне барған екен.
«1993 жылғы келіншек тұрмысы төмен отбасы ретінде қорғаншылық органдарында тіркеуде тұрған. Қазір қалған екі баласы уақытша әлеуметтік оңалту орталығына жайғастырылды. Баланы жерлеу рәсіміне жергілікті әкімдік көмектеседі», – деді Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Түтеева.
Ал, кәмелет жасқа толмаған балаларды қараусыз қалдырған ата-анасын жауапқа тарту дұрыс емес дейд,і заңгер Төлеген Болтанов. Мұндай жағдайда жан-жақты зерттеу жүргізу қажеттігін айтады.
«Негізінен бұл оқиғаны толықтай зертеу керек. Бала өз үйінің маңайында ойнап жүріп қайғылы жағдайға тап болып отыр. Әке-шешесі үнемі қасында жүрмейді ғой. Ал, егер де қаңғыбас иттің иесі болғанда, онда ол адамды жауапқа тартуға болады және бір мәселе осындай қаңғыбас иттерді ветеринариялық салада жұмыс жасайтын мамандар дер кезінде көзін жойып отыру керек еді. Олар қай жерде қанша қаңғыбас ит бар екені туралы хабардар болуы керек. Сондықтан мұнда мамандар тарапынан кеткен қателіктер де бар», – деді заңгер Төлеген Болтанов.
Жалпы Қарағанды облысында соңғы кездері қаңғыбас иттер саны көбейген. Биыл иесіз иттер мен мысықтардың көзін жою үшін жергілікті бюджеттен 69 миллион теңге бөлінген. Оның 6 миллионы Сәтпаев қаласына берілген.
Анар Қанат, Данияр Омар, Әл-Төре Хамиев, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтан