Жол апаты салдарынан 20 тоннаға жуық күкірт қышқылы төгілген
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 23 тонна күкірт қышқылын тиеп келе жатқан жүк көлігі аударылды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 7 шілдеде Күршім ауданындағы Ақбұлақ пен Егіндібұлақ ауылдарының арасында болған.
«23 тонна күкірт қышқылы тиелген жүк көлігі аударылып қалды. Жол апаты салдарынан 20 тоннаға жуық күкірт қышқылы төгілген. Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құқықтық баға мен кінәлілердің жауапкершілігі заңға сәйкес белгіленеді», - делінген ақпаратта.
Оқиға орнында аудан әкімі мен уәкілетті орган өкілдерінен тұратын комиссия да жұмыс істеп жатыр.