|
22.12.2021 | 17:41
3809

Шымкентте 16 жастағы қыз 5-қабаттан құлап мерт болды

Қайғылы жағдай 20 желтоқсан күні түнгі 23.00 шамасында болған

Шымкентте 16 жастағы қыз 5-қабаттан құлап мерт болды Almaty.tv

Шымкентте 16 жастағы қыз 5-қабаттан құлап мерт болды. Қайғылы жағдай 20 желтоқсан күні түнгі 23.00 шамасында болған. Жедел жәрдем қызметінің көмегімен 11-сынып оқушысы шұғыл ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер қанша тырысып бақса да, түрлі ауыр дене жарақатын алған жасөспірімді аман алып қала алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік жағдай болған түні жедел-жәрдем қызметіне 2005 жылы туған жасөспірімнің жоғарғы қабаттан құлап кеткені жөнінде қоңырау түскен. Түрлі дене жарақатымен ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген бойжеткеннің көршілері «қыздың мұндай қадамға баруына не түрткі болғанын білмейміз, себебі ол үлгілі отбасылардың бірінен еді» дегенді алға тартты.

«Бәріміз жағамызды ұстап қалдық. Ешқайсысымыз есімізді жинай алмай отырмыз. Бәріміз уайымдап отырмыз. Бұл отбасын үлгілі отбасы ретінде білемін, танимын. Әке-шешесі өте тәртіпті, тәрбиелі отбасы. Қазір шыны керек, осы тұрғын үйдегі тұрғындардың бәрі қайғылып қалды. Намаз оқитын, хиджабта жүретін қыз еді, әке-шешесі де жақсы, ішпейтін, шекпейтін кісілер», – деді қала тұрғыны Айгүл Қораласбаева.

«Мен көршісімін. Біздің үйге қарама-қарсы орналасқан 5-қабаттан секіріп кетіпті. Кеше кешке қарай 23.00 шамасында болыпты. Ата-анасы жақсы, көпбалалы кісілер еді, не болғанын түсінбедік», – дейді қала тұрғыны Нұржамал Телегенова.

Дәрігерлер жасөспірімнің бас-ми жарақатынан бөлек, ішкі жарақаттар, ішкі қуыстардың жарақатын және ауыр дәрежедегі травматикалық шок алғанын айтады.

«Оқиға орнына барған жедел жәрдем қызметкерлері ауыр халдегі жасөспірімді Асардағы қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізді. Бірақ медициналық көмекке қарамастан, жасөспірім сағат 11:15-те қайтыс болды», – деді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.

Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тіркелді.

«Аталған жайт Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 105-бабының 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде сәйкес жария етуге жатпайды», – деді Шымкент қаласы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.

Мәселенің анық-қанығын қазір полиция анықтап жатыр. Аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, бесінші қабатта тұратын жасөспірімнің үйінде сол күні сыныптастары болған көрінеді. Ал оның мұндай қадамға баруына әкесімен болған ұрыс-керіс себеп болған сыңайлы. Ал анасы басқа қалада жұмыс істейтін көрінеді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир