Ол 3 жасөспірімді қағып кеткен
Алматы облысында жаяу жүргіншілерді қағып кеткен көрші елдің азаматы ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол 7 ақпан күні 23:00 шамасында Жәпек батыр-Комсомол көшелерінің бойында 3 жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Соның салдарынан 1 бала қайтыс болды. Полиция жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 34 жастағы Өзбекстан азаматының Іле ауданында тұратынын анықтады. Күдікті жол-көлік оқиғасынан кейін бірден Түркістан облысына қашып кеткен. Алайда ол жақтың тәртіп сақшылары азаматты қолға түсіріп, оны Алматы облысының полиция қызметкерлеріне табыстады.
«Қайтыс болған баланың әке-шешесіне қайғырып көңіл айтамын. Жолда жүргенде сақ болыңыздар», - деді күдікті.
«Аталған факт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша жергілікті полицияда тіркелді. Күдікті қазір уақытша қамауға алынды»,- деді Іле аудандық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Қабдолданов.