Алматыда санитарлық ережелерді өрескел бұзған азық-түлік дүкендері жабылып жатыр

21.05.2020 20:29

Сот шешімімен сауда нүктелерінің қожайындарына айыппұл салынуы әбден мүмкін

almaty.tv

Алматыда санитарлық ережелерді өрескел бұзған азық-түлік дүкендері жабылып жатыр. Енді сот шешімімен сауда нүктелерінің қожайындарына айыппұл салынуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Карантин талаптарын сақтамағандар Әуезов ауданында өткен кезекті рейд кезінде анықталды. Әкімдік және полиция қызметкерлері эпидемиологтармен бірлесе кәсіпкерлердің санитарлық нормаларды қаншалықты ұстанып жүргендігін тексерді.

Аудан әкімдігі қызметкерлері таспаға жазып алған мына бейнекадрлардан азық-түлік дүкендерінің мәжбүрлі түрде жабылып жатқандығын көруге болады. Тексерушілер карантин талаптарын бұзбауға бірнеше рет шақырғанымен, сауда орнының иесі санитарлық ережелерді сақтамаған. Олар сатып алушыларды бетпердесіз қабылдап, тауарларды қолғапсыз сатып отырған.

«Бұған дейін біздің жұмыс тобымыз карантин кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзбау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Қазір әкімшілік хаттамадан бастап сауда нүктелерінің жабылуына дейін нақты шаралар қолданып жатырмыз», – деді  Әуезов ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің жетекшісі Қуаныш ҚҰРМАНҒАЛИЕВ

Дүкен сатушыларының маска тақпай, қолғап кимей жұмыс істеуінің себебі де әртүрлі. Бірі – жыртып алдым десе, енді бірі – ұмытып кетіппін деп ақталды. Кейбірі  тіпті тұтынушылардың өзіне кіна тақты.

Сатушылардың ішінде барлық сақтық шараларын сақтайтындар да бар. Бірақ олар дүкенге маска кимегендерді кіргізеді. Бұл да ереже бұзушылыққа жатады.

«Көбі маска тағып, қолғаппен жұмыс істейді. Арасында, әрине, санитарлық ережеге бағынатындар да бар. Оларды сақтық шараларын ұстануға шақырамыз. Өз денсаулығы үшін, туған-туыстарының, жақындарының қауіпсіздігі үшін», – деді   Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Зина ЗЕЙНАЛОВА.

Енді қауіпсіздік тәртібін бұзған кәсіпкер әкімшілік айыппұл төлейді. Оның құнын сот шешеді. Ал, азық-түлік дүкенінің қожайыны қала билігінен арнайы рұқсат алмайынша өз қызметіне кірісе алмайды.

Сая Меңдеке, Денис Земцов, Рашид Шүкірәлиев, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы