2 жасар сәби бас-ми жарақатын алған, аяғы сынған: Елордада мас жүргізушінің кесірінен 4 адам ауруханаға түсті

23.06.2020 22:15

Дәрігерлер оның жағдайын әлі де тұрақты ауыр деп бағалауда

Фото: vastane.kz/instagram

Нұр-Сұлтанда мас жүргізушінің кесірінен болған жол апаты салдарынан 4 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәрігерлердің хабарлауынша, ауыр жарақат алған 2 жасар бала жансақтау бөлімшесінен нейрохирургияға ауыстырылды. Дәрігерлер оның жағдайын әлі де тұрақты ауыр деп бағалауда. Балғын бірқатар жарақаттан бөлек, травматикалық шок алған, дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

«22 маусымда сағат 21:18-де 103 пультіне қоңырау келіп түсті. Апат салдарынан 4 адам зардап шекті. 1990 жылы, 2001, 1998 жылы және бала 2018 жылы туылған. Бала №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Бала бас сүйек миы жарақатын алған, аяғы сынған. Травматикалық шок бар. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады», – деді Нұр-сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Жол көлік апатынан зардап шеккендердің басқасы травмотология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына жатқызылған.  Ал Mazda автокөлігін мас күйінде тізгіндеген 1986 жылғы әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.