Малдың не себепті қырылғанын анықтау қиын
Солтүстік Қазақстанның Уәлихан ауданында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр. Тұрғындар ауылдан 7 шақырым жерден 7 сиырдың өлексесін тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл оқиға шілдеде Мортық ауылында болған. Келесі күні оқиға орнына ветеринар мамандар барғанда мал ісініп, ауыра бастаған екен.
«Облыстық ветеринария бөліміне хабарламаның кеш түскеніне байланысты, малдың не себепті қырылғанын анықтау қиын», – дейді мамандар. Өйткені ауруды анықтау үшін сынама мал өлгеннен кейін 2-3 сағаттың ішінде алынуы керек.
«Малдың өлексесін жағып жібердік. Өлекселер табылған жерді Дизолдың 1,5%-дық ерітіндісімен залалсыздандырдық. Қазіргі уақытта жағдай қалыпты. Жаңа жағдай тіркелмеді. Бүгін мамандар оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тағы да сол жерге барады», – деді СҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.