"Көршісі өлтіріп, көміп тастаған": Түркістан облысында жоғалып кеткен әйелдің денесі табылды

30.09.2019 20:31

Күдікті полиция қызметкерлеріне зейнеткердің денесін қайда көміп тастағанын көрсетті

Түркістан облысында жоғалып кеткен зейнеткер бірнеше ай бойы іздестірілген еді. Алайда тергеу барысында оның өлтірілгені анықталды. Егде жастағы әйелдің денесі көрші үйдің ауласынан табылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Сарыағаш ауданындағы ауылдардың бірінде орын алған. Жергілікті тұрғынның жоғалып кеткені туралы оның қызы хабарлапты. Әйелдің сөзінше, анасы биылғы жылдың маусым айында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Мұнан кейін құқық қорғаушылар жоғалып кеткен әйелді іздестіруді бастаған.

Жедел іздестіру шараларының кезінде зейнеткер туралы қандай да бір мәлімет білуі мүмкін дегендердің бәрінен жауап алынған. Сонымен қатар, полиция өңірді толық аралапты. Алайда ұзаққа созылған іздестіру амалдары нәтиже бермегеннен кейін, полиция істі өзгертіп, әйелдің өлтірілуі туралы нұсқаны қарастыра бастайды.

Әйелдің жоғалып кеткенінен 4 ай өткеннен кейін ғана күдіктіні табу мүмкін болды. Полиция зейнеткерге көршілес үйді бір азаматтың жалға алып, көшіп келгенін анықтапты.

Ер адамның сөзінше, ол зейнеткерден қарызға ақша алған. Артынша егде жастағы әйел қарызын қайтаруын сұрапты. Осыдан кейін олардың арасында жанжал туады. Күдікті әйелді ұрып-соққанын, артынша оның алған жарақатының салдарынан көз жұмғанын айтты. Ол қылмысын жасыру үшін, кейуананың мәйітін жасыруды ұйғарыпты. Осылайша, мәйітті тұрып жатқан үйінің ауласына көміп тастаған.

Күдікті полиция қызметкерлеріне зейнеткердің денесін қайда көміп тастағанын көрсетті. Полиция мәйітті сараптамаға жіберді.

Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.