Өзара келіспеушілік төбелестен басталып, арты қарулы қақтығысқа ұласқан
Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыстар кезінде 130-дан астам адам зардап шегіп, 13 адам опат болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жағдайдың ушыққаны соншалық, шекаралас елді-мекендерден жергілікті тұрғындарды шапшаң түрде эвакуациялауға тура келген.
Жарақат алған 25 адамның Баткеннен арнайы ұшақпен Бішкекке жеткізілгені белгілі. Дәрігерлер екеуінің жағдайы ауыр, қалғандары орташа және қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Қақтығыс кезінде Исфара қаласының мэрі де зардап шекті деген ақпарат бар.
Естеріңізге салайық, екі ел арасындағы қақтығыстар 28 сәуірде басталған болатын. Өзара келіспеушілік төбелестен басталып, арты қарулы қақтығысқа ұласқан.
Бүгін Қазақстан Президенті қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері өзара келіссөздер жүргізіп, қарулы қақтығысты тоқтатуды қолдайтынын айта келе, даулы мәселелердің тек қана бейбіт жолмен шешілетініне сенім білдірді.