Өзбекстан азаматы өлген жылқыға жармасып тірі қалған
Өзбекстандық бір азамат сумен ағып эвакуация жасалып жатқан «Жеңіс» ауылына жеткен. Бұл туралы «Медиа» ақпарат агенттігінің тілшісі Олжас Мамыр оқиға орнынан хабарлаған, деп жазады Almaty.tv Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Өзбекстан азаматы өлген жылқыға жармасып тірі қалған. Оны Жеңіс ауылының азаматтары көріп қалып, көмектескен және сол жерден жедел жәрдем ауруханаға жеткізген», - делінген тілші таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, 1 мамырда Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су төгіліп, Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті.
Облыстық маңызы бар Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда.
Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді.