Жыл басынан бері 181 бала жол апатынан көз жұмған

18.10.2022 21:00

2 826 бала жарақат алған

ашық дереккөзден

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жол апатынан зардап шеккен балалардың көбейгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Назар аударатын тағы бір мәселе – жол апатынан балалардың зардап шегуі. Көбіне жол ережесін білмеу немесе оларды елемеу салдарынан жолдың жүріс бөлігінде ойнайтын, белгіленбеген жерде көшені кесіп өтетін, көлікке отыру мен түсу ережелерін білмейтін балалар апатқа себепші болады», - деді Ж. Мұратәлиев.


Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 9 айда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары көбейген.


Бұл аралықта балалардың қатысуымен 2 378 жол-көлік оқиғасы болса, онда 181 бала қаза тауып, 2 826 бала жарақат алған.


«Биыл 13 қазанда Алматы облысында қайғылы оқиға болды. Жүргізуші Алматы-Көкпек-Көктал автожолында «Мерседес» көлігімен қарсы бағытқа шығып, «Субару Легаси» көлігімен соқтығысты. Содан кейін жол жиегінен әрі шығып, кедергіге соғылған. Салдарынан 6 адам оқиға орнында қаза тапты, оның төртеуі – кәмелетке толмағандар, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді», - деді Жандос Мұратәлиев.


Бұған дейін ҚР ІІМ өкілі әрбір төртінші жол апаты жылдамдық режимін сақтамаудан болатынын айтқан еді.