Қазақстандық жүргізушілер тасжолда тегін көмек алуға құқылы

21.08.2024 20:35

Бұл туралы "ҚазАвтоЖолдың" баспасөз қызметі хабарлады

gov.kz

Автокөлік иелері республикалық маңызы бар жолдарда ҚазАвтоЖолдан тегін көмек ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Егер көлік қандай да бір себептермен жүрмей қалса, оны сүйреп, жақын маңдағы эвакуатордың нөмірін айтып, тіпті, кішігірім жөндеу жұмыстарына көмектеседі.

Бұл туралы "ҚазАвтоЖолдың" баспасөз қызметі хабарлады.

Көлігінде техникалық ақаулар пайда болған жүргізуші 1403 тегін нөміріне қоңырау шалуы керек. Операторлардан ақылы жолдармен жүру құнын және қазіргі уақытта трассаның ашық немесе жабық екенін білуге болады.

"Егер көлік жолда бұзылып қалса, оны сүйреу үшін көмек сұрауға болады. Біз машинаның маркасын біліп, тиісті қызметкерлерді жібереміз. Көлікті жақын елдімекенге немесе жақын жердегі тұрақ аймағына сүйрейміз. Біздің басты мақсатымыз – жол пайдаланушылары үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Екі жолақты трассаларда тоқтаған көлік қозғалысты қиындатады", – деп нақтылады баспасөз қызметі.

Компания сұраныстың төмендігіне байланысты эвакуатор қызметін көрсетпейді, яғни, арнайы қызметкердің толық жүктемеде жұмыс істеуіне қажеттілік жоқ.

"ҚазАвтоЖол" - жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор.

Ол аталған автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялауды, жөндеуді, күтіп ұстауды және трассалар бойындағы қызмет көрсету объектілерін дамытуды бақылау функцияларын атқарады, сондай-ақ ақылы қозғалысты ұйымдастырушы болып табылады.