Елордада SPA-салондардың бірі карантин режимін 3-мәрте бұзып, тағы да айыппұл арқалады. Нысан бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Қаулысына бағынбағаны бұлай тұрсын, интим қызмет көрсеткен. Сонымен қатар рейд барысында шектеу талаптарын бұзған бірқатар нысандар анықталды. Оларға қандай жаза қолданылды? Жауапты органдармен рейд жүргізген Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.
Бұл – Есіл ауданында орналасқан SPA-салондардың бірі. Карантин енгізілгелі талапты өрескел бұзатын нысан дейді тәртіп сақшылары. Осымен 3-рет қызметін қызу жалғастырып жатқан жерден тоқтатып, айыппұл салынды. Шектен шығып шектеу шараларын елемегенінен бөлек, интим қызмет көрсететін «орда» екені анықталған.
«Бұған дейін нысанның иесіне карантинді бұзғаны үшін 2 рет, ал жезөкшелік қызмет көрсеткені үшін 1 рет әкімшілік жаза жолданған болатын. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, нысан әлі де жұмысын жалғастырып жатыр. Карантин талаптарын бұзып отыр. Интим қызмет көрсетуде және тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салынады. Бізде материалдар, дәлел видеолар бар», – деді қалалық ІІБ Есіл ауданының учаскелік инспекторы Мейірбан Өтепов.
Салон қызметкерлерін көңіл көтеруге келген клиенттерімен қоса тексеріп, тергеу үшін бөлімге алып кетті. Ал, мынау компьютерлік клуб есікті ішінен жауып алып, жасырын жұмыс істеп жатыр. Бірақ қожайыны «күні кеше ғана ашылдық, жұмыс істеуге болмайтынын білмедік» деп ақталды.
Қанша ақталғанмен кешірім жоқ. Талап бәріне бірдей. Айыбын мойындағанмен енді айыппұл төлеуге тура келеді.
Түнгі сағат 24.00. Біздің келген кезекті нысан – бильярд клубы. Біз кіргенде адам көп болған еді, қазір жапа-тармағай қашып кетті. Клуб әкімшілігі талапты ережені елемегені былай тұрсын, қызметкерлері маскасыз жүр.
Сарыарқа ауданында орналасқан бұл бильярд клубы да есікті ішінен құлыптап ап, қызметін еш алаңсыз жалғастырып жатыр. Құйтырқы әрекеттері үшін құқық қорғау органдарының құрығына ілінеміз деп ойламаса керек. Нысан әкімшілігі қателігін мойындағанмен клиенттер демалысымызды бұздыңдар деп ызаға булықты.
Сонымен қатар, рейд барысында Сарыарқа және Есіл аудандарында карантин талаптарын бұзған бірқатар би клубтары анықталды. Әшкере болған кемшіліктердің басым бөлігі белгіленген жұмыс уақытынан асыра келушілерге қызмет көрсету, нысан ішінде санитарлық талаптардың, әлеуметтік қышықтықтың сақталмауы, тіпті рұқсат етілмесе де қызметін жалғастыру болып отыр.
«Егер санитарлық-эпидемиологиялық құқық бұзушылықтар анықталатын болса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 425-і бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 30 АЕК, шағын бизнестерге 230 АЕК айыппұл, ал орта бизнестерге 300 АЕК айыппұл, ал жоғары 2000 АЕК айыппұл салынады», – деді Сарыарқа ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Азамат Қуаныш.
Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ережені сақтамаған 1240-тан астам нысанға жаза қолданылған. Ал, Сарыарқа ауданы бойынша 140 нысан қожайыны әкімшілік жазаға тартылып, жалпы сомасы 33 миллион теңге айыппұл салынған.
Асылбек Тойбек