Аса қатты соққы салдарынан бір жолаушы мерт болды
Астана-Қарағанды тас жолында полиция қызметкері жол апатын жасады. Тәртіп сақшысы тізгіндеген «Mercedes» көлігі жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп, «Lexus» автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан, полицейдің әріптесі қаза тапты, деп хабарлайды NUR.KZ.
Жол апаты облыс орталығынан бес шақырым қашықтықта Қарағанды-Астана тас жолында болған.
«Mercedes» тізгініндегі 36 жастағы азамат рөлге ие бола алмай, жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетеді. Ол соқтығысқан «Lexus» көлігін де полиция қызметкерлі жүргізіп келе жатқан.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жол апатына көктайғақ себепкер болған.
«Ол жолдың қарама-қарсы жағында 39 жастағы азамат тізгіндеген «Lexus» көлігімен соқтығысқан. «Mercedes» көлігінде болған жолаушы оқиға орнында жан тапсырды», - деді департаменттің баспасөз қызметі.
«Mercedes» тізгінінде болған полицей ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты, Қылмыстық кодекстің 345 бабының үшінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған.