Тілсіз жаумен күрес кезінде өрт сөндіруші мерт болды

08.05.2023 20:38

ТЖМ қаза болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсететін болады

elements.envato.com

Алматы қаласында Медеуде тұтанған отпен күрес кезінде өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап

- 8 мамыр күні қызметтік борышын атқару кезінде, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы тау бөктерінде өрт сөндіруге жұмылдырылған топ құрамында болған Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің қызметкері, 7-інші өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіру-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы жанып жатқан ағаш діңінің құлауынан алған жарақаттан көз жұмды, - делінген ұсынылған мәліметте.

Өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков Алматы облысында 1994 жылы 23 тамызда туған. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдың 14 желтоқсанынан еңбек етіп келді

- Төтенше жағдайлар министрлігі Арслан Жолдасбекұлының туғаны мен жақынына қайғыра көңіл айтады. Оны кәсіби маман ретінде әрдайым еске алатын болады.

Арслан жауапты қызметкер, жоғары кәсіби және сауатты маман болды. Ұжымы оны ынта-жігері, адалдығы және мамандығына деген махаббаты үшін бағалады.

ТЖМ қаза болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсететін болады, - делінген министрлік мәліметінде.

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Кіші Алматы орманшылығы 33-аумағында қураған шөп жанып кетті. Жалынмен күреске өрт сөндірушілер, бірнеше техника мен тікұшақ жұмылдырылған.