Қостанай облысында жергілікті төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірдегі өрт сөндіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көру үшін бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа арнайы барды. Мемлекет басшысы қызыл жалын шарпыған жерлерді тікұшақпан қарап жүр. Ал тілсіз жаудан үйлері өртенгендер аудан орталығындағы мектеп-интернатқа орналастырылған
Аманқарағай ауылында 6,5 мыңға жуық тұрғын тұрады екен. Ауылда әлі ыстың иісі мүңкіп тұр. Кейбір жерлерде түтін бықсып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, көбінесе орманға жақын орналасқан үйлер өртенген екен. Байқағанымыз, әр үйдің қорасында бірнеше газ баллоннан болыпты. Солар да бірінен соң бірі жарылған екен. Аманқарағайлықтар қызыл жалын лапылдап келгенде үйден тек құжаттарымызды ғана алып үлгердік дейді. Қорада тұрған малдары тірідей жанып кеткен екен.
«Үйімізден ештеңе қалмады. Бәрі бітті. Қорада үй де. Жолдасым атап өтті, қорада 100 тауығым бар еді. Өзім жұмыс істемеймін. Жұмыс істемегесін тауықпен айналысып отырғам», – деді ауыл тұрғыны Жұмагүл Рахметова.
Қазір Аманқарағай ауылында Солтүстік Қазақстанға қарасты ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар газ баллондарды қауіпсіз жерге шығарып жатыр. Төтеншеліктердің айтуынша, қауіп әлі сейілген жоқ. Алайда үйлері өртенбеген, зақым келмеген меншік иелері үйлеріне қайтып жатыр екен.
«5 бірлік цестерна, 46 жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Қазір Қазанбасы ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр», – деді СҚО ТЖД басшысының орынбасары Марат Сыздықов.
Аманқарағай ауылында қазір жарық жоқ. Жергілікті әкімдіктен мамандар келіп, зақымданған үйлерді көріп кетіпті. Айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев өртті сөндіру бойынша құрылған жедел штабтың отырысын өткізді. Президент өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін айтты. Сондай-ақ табиғи апатты жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.