СҚО-да шаңды дауылдан бірнеше ғимарат бүлінді

19.05.2021 22:26

Қатты соққан желдің әсерінен аймақтағы бірнеше мектептің, әкімдік ғимараттары мен қонақ үйлердің шатыры ұшып кеткен

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары шаңды дауылдың астында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік желіге тараған видеода шаңды боранның үйірілген бұлт сияқты көкжиектен қарауытып келе жатқаны анық көрінеді. Қатты соққан желдің әсерінен аймақтағы бірнеше мектептің, әкімдік ғимараттары мен қонақ үйлердің шатыры ұшып кеткен. Жүйткіген желдің екпіні бірден 33 метр/секундқа дейін барыпты. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ. Ал облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, табиғи құбылыстың салдарынан бірнеше елдімекен электр қуатынсыз қалған. Қазір арнайы комиссия құрылып, шығынды есептеп жатыр.  

«Чермошнянка ауылында қатты желдің салдарынан әкімдіктің шатыры жартылай бұзылған, ал Леонидовка ауылындаға мектептің де шатыры ұшып кеткен. Талшық, Алқатерек және Восход ауылдарындағы бірнеше ғимараттың шатыры зақымданған. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта ауылдарда электр қуатын қайта қосу жұмыстары жүргізілуде», – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қанғожинов.