Алматы облысында 5 айда 231 көлік апатынан 45 адам көз жұмған

Almaty.tv
Almaty.tv
195 адам түрлі дене жарақатын алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы облысында 231 көлік апатынан 45 адам қаза тапқан. Полицейлердің мәліметінше, жүргізушілердің өздері жол ережесін өрескел бұзады. Тіпті әлі пайдалануға берілмеген Үлкен Алматы айналма автожолы  біраз адамның өмірін жалмап үлгерді. Ал күні кеше желіге жүктелген Үлкен Алматы айналма тас жолындағы жантүршігерлік жол апатында да тізгінші жылдамдықты асырып, қарсы бағытқа өтіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баласын іздеп боздаған ананың жан дауысы жол апатына ұшырап тас талқаны шыққан көліктердің арасынан анық естіледі. Ал тас жолдағы талаптың орындалмауы 4 бірдей адамның тағдырын төсекке таңды, 2 адам табытпен қайтты.

Желіге жүктелген жантүршігерлік апат міне дәл осы жерде болған.  Жоғары жылдамдықпен жүйткіп келген көліктер қарама қарсы бағытқа шығып кетіп, соқтығысқан. Оқиға орнында жол апатына ұшыраған марқұмдардың заттары жатыр. Оның үстіне көліктің де кей бөлшектерін әлі толық әкете қоймапты.

«22 сәуірде Жәпек Батыр ауылы мен Комсомол ауылының жолында көлік апаты болды. Mazda автокөлігіңнің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mitsubishi Montero  көлігімен соқтығысқан. Сол себепті 2 адам орнында қаза тауып, 4 адам ауруханаға жеткізілген. Бір адам жансақтау бөлімінде жатыр», – деді Іле ауданы жол патрульдік полиция қызметінің инспекторы Жандос Исатаев

Ережені ескермейтіндер елеусіз қалмас үшін, жол сақшыларымен бірге әлі ашылмаған автожолға  тексеріске шықтық. Алты жолақты тас жолдың қарсы бағытымен жүйткіп жүрген көліктерден көз сүрінеді. Кейбірін қуып барып тоқтатуға тура келді. Енді бірі «жүруге рұқсатымыз бар» деп байбалам салды, таныстарына хабарласып шешпек болды.

Үлкен Алматы айналма тас жолының қауіпсіздік қызметі, жол құрылысына байланысты осы маңда тұратын тұрғындарға арнайы анықтама бергенін айтады. Сондықтан шаруашылығы бар немесе маңайындағы ауылда тұратын азаматтарда рұқсат бар екен.

66 шақырым болатын күре жолдың қауіпті аймақтары әлі көп. Бір қарағанда тегіс болып көрінгенімен 10-15 метр тереңдікте қазылған шұңқыр бар. Ал трассада көлік апаты көз алдымызда орын алды.

Әлі қолданысқа берілмеген Үлкен Алматы тас жолында тағы да жол көлік оқиғасы орын алып отыр. Мында жол ережесін сақтамаған 2 көлік қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, жол жиегіндегі автобусқа соғылған. Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері хаттама толтырып жатыр.

Жол апатына ұшырағандар тек жеңіл дене жарақатын алған. Олардың айтуынша, әлі қолданысқа берілмеген жол торабын тәртіпке келтіру қиын, әркім өз білгенінше жүреді. Сондықтан жол полициясын қою керек деп санайды.

«Жылдың басынан облыстық автожолдарда 231 жол көлік оқиғасы орын алып, 45 адам қаза тапты, 195 адам түрлі дене жарақатын алды. Қазіргі кезде Үлкен Алматы айналма автожолы іске қосылмағандықтан, патрульдік полициямен бағыт қарастырылмаған», – деді Облыстық ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Серік Сәрсенов.

Ал құрылысқа жауаптылар бұл жолдың ашылу жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда жергілікті әкімдік өкілдерінің өтінішімен ауылдар арасын байланыстыратын жолды уақытша ашуға мәжбүр болған. Бірақ ондағы жылдамдық сағатына 40 шақырымнан аспауы керек.

Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров