Атырауда із-түзсіз жоғалған қыздың денесін іздеп жатыр

11.04.2023 20:45

Әсемай Қазбекова 6 сәуірде үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен

Атырауда бес күн бұрын із-түзсіз жоғалған 16 жастағы қыз көпірден секіріп кеткен. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Белгілі болғандай, Әсемай Қазбекова 6 сәуірде үйінен белгісіз бағытта шығып кеткен. Содан хабар болмағандықтан, іздеу жұмыстары жүргізілген. Оған тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен еріктілер қатысты. Алайда іздеу нәтижесіз болды. Кейін полицейлер бейнебақылау камераларының бірінен қыздың көпірден секіріп, суицид жасағанын көрген. Қазір марқұмның денесін іздеп жатыр.

«16 жастағы жасөспірімді іздеу жұмыстарына жеке құрам толықтай жұмылдырылды. Бейнекамераларды тексеру барысында жасөспірімнің көпір үстіне шыққаны анықталып, төтенше жағдай қызметкерлерінің көмегімен су астында да іздестіру жұмыстары жүргізілген. Кеше сол маңдағы тұрғын үйлердің бірінің камерасы арқылы жасөспірімнің көпірден секіргендігі анықталды. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары жалғасуда», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.