Карантин: Алматыда дәмханалардың түнгі жұмысы тыйылмай тұр

11.08.2020 20:48

Бостандық ауданында орналасқан кафенің жазғы алаңы жұмысын тоқтатпапты

Almaty.tv

Алматыда карантин талаптары күшейтіліп, ескерту айтылса да, қаладағы түнгі дәмханалардың жұмысы тыйылмай тұр. Арнайы ұйымдастырылған рейдтік шаралар барысында бір қатар нысандарға айыппұл салынып, карантиндік режимді бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almtaty.tv.

Түнгі сағат 00.00. Ал, Бостандық ауданында орналасқан кафенің жазғы алаңы жұмысын тоқтатпапты. Тіпті, нысан ішіндегі бильярд клубына келгендер де көп. Алайда ешқандай сақтық шаралары сақталмаған. Тексерушілердің сөзінше, бұл кафенің заң бұзғаны бірінші мәрте емес екен. Бұған дейін де ережені елемегені үшін айыппұл салынған. Ал, бұл мәселеге жергілікті тұрғындарда алаңдаушылық білдіреді. Себебі адам көп келетіндіктен, ауру жұға ма деп қорқады.

«Жароков 290 мекенжайындағы  «Бильярдный клуб» өз жұмысын тоқтатпай істеп жатыр. Қалалық әкімнің қаулысына байланысты біз олардың суын тоқтатып отырмыз», – деді «Алматы су» МКК бақылаушысы Бекзат Садыханов.

Сағат түнгі 22:00-ге дейін ғана  жұмыс істеуі тиіс жазғы алаңның жайы осындай. Тексеріс келді деп елеңдеген иелері де төбе көрсетпеді. Есесіне әкімшілік, даяшы  болып қызмет еткен жұмысшылары жауапқа тартылды. Ал, түнгі тәртіпті бұзған жастарға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.  

«Екі кезең бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Күндізгі және түнгі рейдтік шаралар. Арнайы құрылған топ карантин режимін бұзғандарға 425-баптың 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырып,  жеке тұлғаға 7 тәулікке 15 айлық көрсеткішпен айыппұл салынады. Егер жалтарған  жағдайда 30 айлық көрсеткіш, яғни 83 000 теңге төлейтін болады», – деді  Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Тахир Чембулатов.

Арнайы ұйымдастырылған рейдттік шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Алайда кез келген аурудың алдын алу өз қолымызда екенін ұмытпай сақтық шараларын барынша сақтағанымыз игі дейді мамандар.