Хамитовтың іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-тармағы бойынша саралануда
Ережесіз жекпе-жек чемпионы Қуат Хамитов жариялаған видео заңсыз әрекет. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі хабарлады. Еске салайық, қазақстандық файтер Қуат Хамитовтың әлеуметтік желідегі видеосы ел арасында резонанс туғызған еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спортшы «халықты улап жатқан» дезинфекция жасаушыларды ұрып, тікұшақтарға оқ атуға шақырады. Бұл ретте, еске салу керек, биліктің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға қатысты күш қолдануға үгіттеп, халықты арандатқан азаматтар үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
«Азамат Хамитовтың іс-әрекеті қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-тармағы бойынша саралануда. Қазіргі таңда Алматы қаласының полиция департаменті тергеу басқармасында қылмыстық іс-қозғалып тергелу үстінде. Азамат Хамитов сұраққа алынды. Барлық тергеу амалдары жүргізіліп болғаннан кейін қылмыстық іс аясында нәтижелі шешім шығарылады», – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Кейіннен атақты спортшы әдепсіз қылығы үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Ол өз сөзінде видеоның қалжың ретінде түсірлгенін айтты. Кеше ғана халықты тәртіптсіздікке шақырған Қуат Хамитов бүгін мұндай әрекет істемеңіздер деп ақталды.
«Дезинфекция туралы видеоға қатысты қалжың ретінде түсірлген видео болатын. Ешкімді көтеріліске шақырмаймын. Мұндай әрекет істемеңіздер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді Қуат Хамитов.