Балабақшада бүлдіршіндерді ұрып-соққан тәрбиеші жұмыстан қуылды

27.12.2021 в 22:00

Оқиға Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша тергеудің бірыңғай базасына тіркелді

Алматыда балабақша тәрбиешісінің балаларды таяқтың астына алып, ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіге тарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Постты жариялаған автор оқтаумен таяқ жеген бүлдіршіндердің ерні жарылып, денесі көгергенін жазған. Белгілі болғандай оқиға Жетісу ауданындағы Көкжиек шағынауданының мектепке дейінгі мекемелерінің бірінде болған.

Бұл факт Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша тергеудің бірыңғай базасына тіркелді. Балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды.

«Қылмыстық істің метариалдары Жетісу аудандық полиция басқармасында қаралуда. Тергеу аясында өрескел фактілердің мән-жайы міндетті түрде зерттеледі және тәрбиешінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, соған сәйкес жауапкершілікке тартылады», - деді Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Евгений Лысенко.