«7 жыл қамап ұстаған»: Қарағанды облысында бойжеткен 9-қабаттан секіріп қайтыс болды

18.06.2019 01:37

Тұрғындардың айтуынша, ол 7 жыл бұрын мектеп бітіре салысымен жоғалып кеткен екен

Теміртаудың 26 жастағы тұрғыны көпқабаттың үйдің терезесінен секіріп мерт болды. Оқиғадан 7 жыл бұрын қыз аяқ астынан жоғалып кеткен екен. Ал анасы мен ағасы оның тұрмысқа шыққанын және елордаға кетіп қалғанын айтқан.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі kriminalka.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 20 мамырда орын алған. Көпқабатты үйдің тұрғындары 9-қабаттың балконында қыздың тұрғанын байқаған. Артынша ол дәмхананың шатырына құлапты. Куәгерлер бірден полиция мен жедел жәрдем шақырады.

Жедел жәрдем бригадасы қызды ауруханаға жеткізді. Оның ішкі ағзалары қатты зақымдалыпты, сонымен қатар аяқ-қолы, бай сүйегі сынған.

Көршілерінің бірінің сөзінше, оқиғаның ертесі күні жергілікті тұрғын көршілерге қыз тұрған бөлменің видеосын көрсеткен.

«Қабырғалары бос, төсек-орны жоқ. Бөлменің іші қоқысқа толы.  Оның сөзінше, бөлмеде демалу мүмкін емес», - деп келтіреді басылым көршісінің сөзін.

Үй тұрғындары секіріп кеткен қыздың есімі Ирина, 26 жаста екенін айтқан. Қыз өзінің анасы және өзінен 4 жас үлкен ағасымен бірге тұрған екен. Қайғылы оқиға орын алған күні ағасы пәтерде болған.

Тұрғындар Иринаны қарапайым, ұяң қыз деп сипаттайды. Олардың айтуынша, қыз 7 жыл бұрын мектеп бітіре салысымен жоғалып кеткен екен. Содан бері оны ешкім көрмепті.

Көршілерінің сөзінше, Иринаның анасы – әдепті, жұмыс істейтін әйел. Ағасын да сыпайы, аз сөйлейтін адам деп сипаттайды.

«Оқиғадан бұрын одан біреу Иринаның қайда кеткенін сұрады. Анасы қызының тұрмысқа шығып, елордаға көшіп кеткенін айтыпты. Құтқарушылар қызды төменге түсіріп жатқан кезде барып оның Ирина екенін таныдық. Себебі қыз қатты толып кеткен. Бұрын жоғалып кеткенге дейін арық болатын», - дейді көршісі.

Басылым мәліметінше, үй тұрғындарының бәрі Ирина 7 жыл бойы өмір сүрген бөлменің видеосы туралы айтқан. Алайда журналистер аталған видеожазбаны таба алмады.

Роликті көргендердің сөзінше, бөлменің қабырғаларына жағымсыз бірдеңе жағылған екен. Сонымен қатар есікке құлып орнатылған. Ал терезелердің бәрі шкафтармен жабылыпты.

Алайда бір қабатта тұратын көршілері біртүрлі ештеңені байқамағанын айтады.

Ал қыздың отбасы журналистермен тілдесуден бас тартты.

Көршілерінің бірі көз жұмған қыздың анасы мен ағасы діни сектаға кіріп кеткен деген күдігін айтты.

«Ағасы туралы жұрт не айтса да, оны дені дұрыс адам деп ойлаймын. Ол велосипедпен жүретін, жігіттермен серуендейтін. Алайда бұрын оның және отбасы мүшелерінің қандай да бір діни сектаға кіргені туралы сөз тараған. Мүмкін олар әлі күнге дейін сол сектаның мүшесі шығар», - дейді ер адам.

Полиция «Өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.