Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Есірткіге есі кеткендер азаяр емес. Түркістан полицейлері жергілікті тұрғынның сарайынан 200 литрлік бөшкеге салынған 31 келіден асатын есірткі тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есірткіні ауласына жасырған орта жастағы қала тұрғынын облыстық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мамандарымен бірлесе жүргізілген жедел профилактикалық шара кезінде анықтаған. Одан тәркіленген заттардың бәрі тиісті сараптамаға жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ауласына есірткі жасырған ер азамат қамауға алынды.
«Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан қалалық Полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен тіркелген іс бойынша және жүргізілген жасырын тергеу әрекеттердің нәтижесінде орта жастағы тұрғынды өз үйінде ұстады», – деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дәурен Сартаев.