Өртенген жердің аумағы 2500 шаршы метр
Алматы базарындағы өрттің нақты себебі әлі де анықталып жатыр. Бес сағат бойы жанған қоймаларда негізінен тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттар мен темір бұйымдар сақталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдын ала ақпарат бойынша, өртенген жердің аумағы – 2500 шаршы метр. Өрт болған қоймада негізінен ұялы телефонға қажет заттар сақталған. Мұнда шамамен оншақты кәсіпкердің мүлкі бар.
Ғимараттардың қабырғалары металдан жасалғандықтан, апат аумағында температураның жоғарылап, құрылымдардың құлау қаупі туған. Сағат 12:22-де өрт толық өшірілгенге дейін 200-ден аса адам мен 50 техника жұмыс істеді.
– Қоймаларда көбіне ұялы телефондардың аксессуарлары және кеңсе бұйымдары орналасқан болатын. Ешкім өрттен зардап шеккен жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр, – деді Жетісу ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Арман Мәкенов.
Қай жағдайда да зардап шегетін – халық. Тауар толы қоймасы бар оншақты кәсіпкер 5 сағат бойы оқиға орнына не жақындай алмай, не алыстап кете алмай ұзақ жүрді. Олар «күлге айналған көп тауарды қалай өтейміз?» дейді.
– Біріншіден, тауардың ақысын 30 пайыз қолма-қол ақшамен төлесек, қалған 70 пайызды сатылған соң, аударамыз. Әртүрлі фирмадан алған тауар бар. Оны қазір айта алмаймын. Құжаттың бәрі ішінде қалды, – деді кәсіпкер Әсия Рахымова.
Әзірге өрттің негізгі себебі анықталған жоқ. Шығын мөлшері де есептеліп жатыр.
Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде көпқабатты үйде өрт шықты