Петропавлда бес қабатты тұрғын үй өртеніп, 75 адам құтқарылды

16.09.2020 20:57

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда бес қабатты тұрғын үй өртеніп, 25 адамды құтқаруға және 50 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сөндіру қызметіне сағат 11.04-те Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесі, 225 мекенжайындағы бес қабатты үйде өрт шыққандығы жөнінде хабар түседі. 

Оқиға орнына жеткен мамандар жалынның бірінші қабаттағы пәтерден шыққанын анықтаған. Үй көк түтінге оранып үлгеріпті. 

Өрт сөндірушілер бірден тұрғындарды құтқаруға кірісті. 25 адамды автосатының көмегімен шығарған мамандар, тағы 50 адамды баспалдақпен қауіпсіз жерге эвакуациялады. 

Өртті сөндіруге 8 арнайы техника мен жеке құрамнан 30 адам жұмылдырылды. Нәтижесінде сағат 11.57-де өрт толық сөндірілді. 

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, алайда құтқарылған бірнеше тұрғынға ТЖД психологтарының көмегі қажет болды.