Ұсталған адамдар төтенше жағдай кезінде аң аулағандарын және карантин ережелерін бұзғанын толық мойындады
Алматы облысында төрт ер адамнан тұратын аңшылар тобы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полицейлері қырғауылды заңсыз аулаған төрт ер адамды қолға түсірді. Олар атып алынған қырғауылдан сорпа жасап, тамақтану кезінде ұсталған. Аңшылар тобы 3 мамыр түнде Талдықорған қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Сарыбұлақ өзені мен Алматы-Семей автожолының арасында балық және аң аулау ережелерін бұзу деректерін анықтау және жолын кесуге бағытталған табиғатты қорғау полиция қызметкерлері мен “Бүркіт-163” патрульдік экипажының бірлескен рейдтік іс-шарасы барысында ұсталды.
Күдіктілердің төртеуі де жергілікті тұрғындар, олардың бірінен тіркелген 12 калибрлі бір ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған дерек Талдықорған ҚПБ АТК тіркелді. ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі (қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ аң аулау ережелерін бұзу) және 476-бабы 6-бөлігі (төтенше жағдай кезінде карантинді бұзу) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабына (атыс қаруын пайдалану, сақтау және тасымалдау тәртібін бұзу) сәйкес шаралар қолданылу үшін қару тәркіленіп, лицензиялық-рұқсат беру жүйесіне жіберілді.
Ұсталған адамдар төтенше жағдай кезінде аң аулағандарын және карантин ережелерін бұзғанын толық мойындады. Қазіргі уақытта Алматы облысының аумағында “Уылдырық шашу” жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.Полиция облыс тұрғындарын балық ресурстарын, жануарларды заңсыз аулау және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін жою заң бойынша қудаланатынын ескертеді.