Алматыда жұмысқа кеткен әскери қызметкер ауруханадан бір-ақ шықты

19.12.2019 20:59

Адиханның үстіне оқу жаттығу кезінде темір қақпа құлап кеткен

Алматыда 61 993-ші әскери бөлімінде келісім шарт бойынша қызмет атқаратын Адихан Маралов оқу жаттығу кезінде омыртқасынан жарақат алған. Қазіргі таңда ол әскери ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал, оның жары нақты кімнің кінәлі екенін анықтау үшін баспаған тауым жоқ, ешкім мардымды жауап бермейді деп налып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарақат алған Адихан Маралов үш жылдан бері аталған әскери бөлімде келісім шарт бойынша қызмет атқарған. 26 жастағы кіші сержант сол күні дабыл бойынша жұмысқа шақыртылады. Әскерилер үшін бұл үйреншікті жағдай. Бірақ оқу жаттығу жиыны кезінде оқыс оқиға орын алады.    

Оқыс оқиға дәл осы 61 993-ші десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінде 6 желтоқсан күні таңғы сағат 6:00 шамасында орын алған. Әйелінің айтуынша, Маралтаев Адиханның үстіне оқу жаттығу жиыны кезінде темір қақпа құлап кеткен көрінеді.

Ал, әйелі осы күнге дейін аттамаған табалдырығым қалмады деп отыр. Жазу керек деген жердің барлығына арыз түсірдім дейді. Алайда, ешкім мардымды жауап қайтармайды деп налиды.  

«Қақпаның құлауына қауіпсіздік ережеге жауап беретін кісі кінәлі. Сол кісінің міндетін дұрыс атқармауы салдарынан менің күйеуім қазір денсаулығынан айырылып отыр. Беломыртқасы сынған деген диагнозбен 10 күннен бері госпитальда жатыр. Мен тиісті орынға барып, арызымды жаздым. Олар әскери полиция араласады, біздің жұмысымыз жоқ деп отыр», – деді Адихан Мараловтың зайыбы Береке БІРЛІКҚЫЗЫ.

Адихан Маралов ем қабылдап жатқан әскери ауруханаға барып, қал-жағдайын білмек болғанымызда, дәрігер бізді тіпті табалдырықтан да аттап бастырмады.

Ал, өзі қызмет ететін әскери бөлімдегілер оқыс оқиға тексеріс үстінде, оның нәтижесі белгілі болғанша кімнің кінәлі екеніндігін айтуы қиын дейді. Сондай-ақ, бел омыртқасынан жарақат алған әскеридің де алдағы уақытта жұмысқа қайта шығу шықпауы әзірше белгісіз.  

«Ол бойынша дәрігерлердің коммиссиясы құрылып, шешім қабылдайды. Ал, егер жарамсыз болып қалған жағдайдың өзінде де заңмен қарастырылған. Яғни, сарбаз қызметін атқару барысында жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалса, оған және оның отбасына мемлекет тарапынан жәрдем беріледі», – деді 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары Елдос БОЗҒҰЛОВ.

Өз кезегінде Адихан Мараловқа қызметтік әріптестері қол ұшын созып көмек беруге дайынбыз деп отыр. Ең бастысы, қазақ сарбазы төсекке таңылып қалмаса екен.

Арнат Дүйсен, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы