Атырауда Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға түсіп кеткен екі адамның біреуі құтқарылды. Қазір екінші адамды іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға бүгін, 5 қаңтарда болған.
Атырау қаласының маңындағы жұмыскер ауылынан жергілікті уақытпен сағат 11:14-те екі адамның Жайық өзенінің мұзы ойылып, суға түсіп кеткені туралы шақырту түскен.
Оқиға орнына жеткен облыстық Полиция департаменті балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің инспекторлары, полиция капитаны Жеткіншек Иманғалиев пен полиция аға сержанты Айбат Жауымбаев жедел жеткен.
Олар өзенге батып кеткелі тұрған бір адамды арқанмен ұстап қалған.
«Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен полиция қызметкерлері Жайық өзеніне түсіп кеткен 1974 жылғы ер адамды құтқарып қалды. Құтқарылған ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Қазір Жайық өзеніне түсіп кеткен 1975 жылғы ер адамды су астынан іздестіру жалғасып жатыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 8 құтқарушы, 2 техника мен 1 қайық тартылған.