Алмалы ауданында үш жарым мыңға жуық жер үй бар
Алмалы ауданында жыл басынан бері 26 өрт оқиғасы тіркелген. Басты себеп – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Осыған орай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жылыту маусымына дайындықты қазірден бастап кетті. Тұрғындарға өрттен сақтану туралы жаднама таратты, жер үйлердің пештерін тексерді. Мақсат – қайғылы оқиғалардың алдын-алу. Тұрғындар аяқ-асты апат болған жағдайда не істеу керек? Олар бұған қаншалықты дайын? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тарқатып айтады.
Төтеншеліктер алдымен жалғыз басты зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың үйін тексеруден бастады. Қызметкерлер тұрғындарды өрт қауіпсіздігімен таныстырып, пештерді тексерді. Жарамсыз пештерді жылыту маусымы басталғанға дейін ауыстыруға кеңес берді. Тексеру барысында тұрғындардың көпшілігі пеш жанына қоқыс пен қағаздарды жинап қоятыны белгілі болды. Бұл өрттің өршуіне басты себеп дейді мамандар.
Алмалы ауданында үш жарым мыңға жуық жер үй бар. Оның ішінде 123 үй газға қосылмаған, яғни, көмір жағып отыр. Соның бірі – Узахун Алмиденов. Мамандар мұндай үйлерге өрт жағдайының алдын алуға көмектесетін датчик орнатқан. Бұл құрал үй ішінде қандай да бір түтін немесе газ пайда бола бастағанда дабыл қағады. Әсіресе түнгі мезгілде көп көмектесетінін айтады.
«Барлық ереже сақтаймыз, үйімізге датчик орнатты ғой. Сол жақсы тұрады. Түтін шыққан кезде айқайлап дауыс шығады», – деді қала тұрғыны Узахун Алмиденов.
Мамандар үйдегі пешті дұрыс орнатпағаннан және бітеліп қалған мұржаларды тазартпау кесірінен өрт оқиғасы болатынын айтады. Пешке таза ауа жеткіліксіз болғандықтан, үй ішінде улы газ жиналып, соңы қауіпті жағдайға әкеліп соғуы мүмкін дейді төтеншеліктер.
«Жыл басынан бері Алмалы ауданында 26 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 11-і жеке тұрғын үй секторында болған оқиға. Осыған орай, біз тұрғындарға қауіпсіздік шаралы аясында жүргізілген жұмыстары күшейттік. Осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін өрт оқиғасының өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға төмендегінін көріп отырмыз», – деді Алмалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Руслан Қасенов
Жер үйлерден бөлек, тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігі де маңызды. Мәселен, өткен аптада Қаскелең қаласында тұрғын үйдің бесінші қабатынан өрт шығып, пәтер иесі түтіннен уланып қайтыс болды. Одан бөлек, 12 тамызда Түрксіб ауданында да қайғылы жағдай орын алған еді. Жер үй өртеніп екі адам тірідей жанып кетті. Мамандар тілсіз жаудың көп болу себебін тұрғындардың газ жабдықтарын дұрыс қолданбауы мен нормативтік техникалық талаптарға сай келмейтін құрылғыларды пайдалануымен түсіндіріп отыр.