Оқиға Покровка және Өтеген батыр ауылының аралығындағы автомобиль жолында болған
Алматы облысы, Өтеген батыр ауылында орын алған ауыр жол апаты салдарынан 5 көлік соғылып, 3 адам жан тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға Покровка және Өтеген батыр ауылының аралығындағы автомобиль жолында болған. Аса үлкен жылдамдықпен келе жатқан Лексус көлігі қарсы бетке шығып кетіп, 4 бірдей жеңіл көлікті соққан. Audi-де отырған жүргізуші мен мен оның жолаушысы болған жүкті әйел оқиға орнында қайтыс болды. Кейінірек Hyundai жүргізушісі де жан тапсырды деген мәлімет жетті.
«Лексустың жүргізушісі және оның 2 жолаушысы түрлі жарақаттармен Өтеген батыр ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша, ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалды», – деді Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.