Біріккен араб әмірліктерінде жазасын өтеп жатқан қазақстандықтар елге қайтарылуы мүмкін бе

03.09.2020 21:02

Алты қазақстандық Біріккен араб әмірліктерінде жазасын өтеп жатыр

© Sputnik / Виктор Толочко

Алты қазақстандық Біріккен араб әмірліктерінде жазасын өтеп жатыр. Олардың бірі бас бостандығынан өмір бойына айырылған. Қазір оларды отанына қайтару мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәлімдеді. Қазақстан республикасы мен Біріккен араб әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт Мәжілісте ратификацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қазір Біріккен араб әмірліктерінде 5 азамат өз жазасын өтеп жатыр. Олар сотталған 15 жылға. Олар арыз жазып, біздің елге қайтамыз десе біздің сот үкім шығаруы тиіс», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев.

Анықталғаны, аталған 5 азамат байқаусызда адам өлтіріп алу және қарақшылық бойынша жазасын өтеуде. Ал бір қазақстандық азаматша 5 келі болатын есірткі мен психотроптық зат саудалағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылып отыр. Егер шарт екі жақпен ратификацияланса, сотталған қазақстандықтар үкімді елінде өтеуге өтініш білдіре алады. Ондай жағдайда Бас прокурор сотқа жүгінеді.

«Бұдан соң біздің сот үкім шығарады. Егер ол Біріккен араб әмірліктеріндегі үкімге сәйкес келсе, олар біздің азаматтарымыздың жазасын Қазақстанда өтеуіне рұқсат береді. Алайда ол елде қарастырылған өлім жазасы бізде жоғын айтып өтуім керек. Мұндай жағдайда біз өз азаматтарымызды қайтара алмаймыз. Себебі Біріккен араб әмірліктеріндегі сот өздері шығарған үкіммен толықтай сәйкес болуын талап етеді», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары  Болат Дембаев