СҚО-да шомылу маусымында 22 адам суға кетті

07.09.2021 20:58

Шомылу маусымы басталғалы 1700 заңбұзушылық анықталған

Almaty.tv

Биыл шомылу маусымы басталғалы Солтүстік Қазақстанда 22 адам суға батып, мерт болған. Олардың алтауы бала. Былтырғы жылмен салыстырғанда қайғылы оқиғалар санының күрт өскені байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Солтүстікте биыл жаз ерекше жылы болды. Тұрғындардың көбі Есіл өзеніне шомылып уақыт өткізді. Бірақ қарапайым сақтық ережелерін ескермеу салдарынан қайғылы оқиғалар орын алған. Әсіресе рұқсат етілмеген жерлерде шомылу және арақ ішу фактілері көп. Шомылу маусымы басталғалы осындай 1700 заңбұзушылық анықталған.  

«31 тамызда суға түсу маусымы аяқталды. Осы уақыт аралығында 22 адам қайтыс болды, олардың алтауы бала. Бәрі  рұқсат етілмеген жерлерде шомылған. Ал, өткен жылы  9 адам қайтыс болды. Оның ішінде біреуі кішкентай бала», – деді облыстық ЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері Қуат Махметов.

Биыл құтқарушылар 22 демаулышыны ажал аузынан арашалап қалды.  Десе де, суға кетіп, қайтыс болғандардың саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге көп. Құтқарушылардың сөзінше, балалар өлімі ересектердің қарауынсыз суда шомылғаннан орын алаған.

«Есіл өзенінде 12 жасар баланың өлімі тіркелді. Оған суға жүзу ережелерін бұзып, рұқсат етілмеген жерде шомылғаны себеп болған. Жанындағы достарымен бірге есілді жүзіп өтемін деп, орта жолда күші таусылып, суға батып кетті. Марқұмның денесін құтқарушылар судан алып шықты», – деді құтқарушы Сергей Черкасов.

Суға түсу маусымы аяқталғанмен, құтқарушылар жұмысы әлі де жалғасуда. Енді олар балық аулаушыларды бақылап, олардың кауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.

Төтеншеліктер балық аулағанда бірқатар қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Мысалы, қайықта отырып балық аулағанда міндетті түрде құтқару жилетін киіп алу керек. Ал, өзен жағасында болғанда жан-жақта электр желісінің жоқтығына көз жеткізу маңызды. Бұл - қарапайым сақтық шаралары, бірақ оларды ұстанбағандар  қайғылы оқиғаларға тап болуы мүмкін.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан