Өзінен 21 жас үлкен адамға тоқал болған ару өкінетінін айтып, мұңын шақты. Бұл туралы «Алаш айнасы» жазады.
«Мен өзімнің бұрынғы ақымақтығым үшін өкініп, жазып отырмын. Жасым 29-да, оңтүстің тумасымын. Мен ата-анамды жерге қараттым. Мен олардың үмітін ақтап, өзіммен шамалас жанмен тұрмыс құрудың орнына тоқал болдым. Сол үшін қазір өкінем. Өтініш, қыздарға айтарым біреудің куйеуіне қызығып қажеті жоқ. Босқа өз өмірің құриды», – деп жазды ару.
Айтуынша, қазір күйеунен ажыраса алмай жүр екен.
«Қазір балалы-шағалы адамның екінші әйелі болу сәнге айналды ғой. Мен де сондай ақымақтықпен өзімнен 21 жас үлкен адаммен жүрдім, әлі де жүрем. Қазір одан кеткім келеді, ол жібермейді. «Сені менің тоқалым екеніңді жұрттың бәрі біледі, ешкім сені алмайды да, керек емессің ешкімге, менсіз бұзылған әйел атанасың» деген сөздерді көп айтады. Ол менің артымнан жас баладай 1 жыл жүгірген. Ол кезде мен 22-де болдым, әйел, бала-шағасы бар екенін біле тұра, 23-ке толғанымда екі айдан соң қосылдық, мен оған қыздай берілдім. Мойындаймын, ол маған ақшалай көмек те берді, ол да қатты қиналған кезінде қасынан мен табылдым. Қазір әйелі бөлек тұрады, қызы шетелде жүреді ақша шашып, жұмыс істемейді», – деп мұңын шақты келіншек.
Тоқал болудың машақатын көріп, екі есе зардабын тартып жүрген ару басқа қыз-келіншектерге өз ақылын айтты.
«Уақыт өте келе ол маған кейін көп иттік жасады. Соңғы жаныма қатты батқаны, баламды түсірді. Сонда да әлі жүрмін. Жақсы көрдім, әлі де сүйем, өмірімде жалғыз адам болған соң қимаймын, кете де алмай жүрмін. Қазір қарап отырсам, жап-жас қыздар ақшасы бар үлкен адамдарға өздері жабысады. Егер осы жазбамды оқып жаса, оларға айтарым, IPhone ұстап, мейрамханаларда шалқып жүргенге қызықпаңдар, олардың беті ғана жылтыр. Кейін мен секілді сырты бүтін, іш түтін болып, өкінішпен өмір сүресіңдер. Тоқал болудың қажеті жоқ. Өтініш, мені сөкпеңіздерші. Мен де сіздер сияқты тоқал дегенге қарсы болғанмын, бірақ алдымда не күтіп тұрғанын білмедім», – дейді әйел.