Полицейлер суицид жасамақ болған қызды қалай құтқарып қалғанын айтты

23.04.2020 21:07

Әріптесім қасына барып, қызды сөзге айналдырды...

knews.kg

Қарағандылық полицейлер аспалы көпірден секірмекші болған азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Төтенше жағдай режимін сақтау шараларын бақылап жүрген полицейлерге инкассатор көлігі тоқтап, көпірдің үстінде бір азаматша суицид жасауға талпынып жатқанын хабарлаған.  Патрульдік жасақ қызметкерлері аталған оқиға бойынша жедел басқару орталығына хабарлап, бірден сол жаққа бағыт алады. Тәртіп сақшыларының көлігін көрген азамат олардың қасына жақындамауын талап етіп, секіріп кететінін айтқан.

«Әріптесім қасына барып, қызды сөзге айналдырды.  Сол мезетте мен қасына келіп қарап тұрдым. Ол қыз жақындамауын сұрады. Егер жақындаған жағдайда өзін тастап жіберетінін айтты. Бізге бір қолын алып қорқытты. Сол мезетте әріптесім арғы бетіне тұрып көңілін аударып, мені көрмейтіндей сөзге айналдырды. Қыз сонда да жақындама деп қарап тұрды. Көңіл аудармаған кезде мен өзіме сенімді болып екі қолынан шап беріп қызды ұстадым да, әріптесім екеуіміз көпірден бергі бетке өткіздік», – деді Қарағанды қаласы Патрульдік полиция полкінің инспекторы  Аман ӘБІЛДӘ.

Қауіпсіз жерге шығарғаннан кейін не себепті мұндай қадамға барғанын анықтаған. Бірақ жылаудан басқа тәртіп сақшыларына еш нәрсе айтпаған 19 жасар аруды жедел жәрдем қызметкерлері алып кеткен. Қазіргі таңда ол азаматпен психолог мамандар жұмыс жасап жатыр.