Оқиға орнына жеткен полицейлер балаларға көмектесіп, ата-аналарына аман-есен тапсырды
Атырауда 8 жастағы оқушы суға батқан балаларды құтқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, оқушы Дінмұхаммед Жаңбырбай батыл әрекет жасаған. 3 желтоқсанда Жұмыскер көпірі маңында 2008 жылы туған және 2013 жылы туған екі жасөспірім мұз үстінде ойнап жүрген. Кенет мұз ойылып, балалар суға түсіп кеткен. Оны байқаған Дінмұхаммед еш ойланбастан балаларды судан шығарып алған.
"Суға батып бара жатқан балаларды көргенде, бар ойым оларды құтқарып қалу болды. Судың ағыны қатты болды, уақыт та өте тығыз еді. Мұздың ойығына жүгіріп жетіп, балаларды судан шығарып алдым. Оларды құтқару үшін қолымнан келгенді жасадым", - дейді ол.
Оқиға орнына жеткен полицейлер балаларға көмектесіп, ата-аналарына аман-есен тапсырды.
"Баламды ажалдан құтқарған Дінмұхаммедке ержүрек әрекеті үшін алғыс білдіремін. Ол болмағанда бұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталушы ме еді?! Осындай батылдығы үшін ол зор құрметке лайық. Ержүрек қасиетке баулап өсірген ата-анасына да үлкен рақмет! Дені сау болып, аман өссін", - дейді 9 жастағы жасөспірімнің анасы.