Қарағанды қаласында көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, мамандар 19 адамды құтқарып, эвакуациялады. Ысты газға уланған қарт әйел жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қарағанды қаласы Күзембаев көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама 10 наурыз, сағат 03:26-да түскен.
Шақыру орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері кіреберістегі қатты түтінді байқаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің екі тобы барлауға, подъезд тұрғындарын құтқаруға және эвакуациялауға бағытталды.
«Қатты түтіннің салдарынан 4-ші қабатта орналасқан пәтерден өз бетінше эвакуациялануға тырысқан анасы мен баласы табылды. 1946 жылы туған әйел улы газдан уланып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», – деп мәлім етті Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өрт сөндіруші-құтқарушылар автосатының көмегімен осы кіреберістің пәтерлерінен 4 адам, оның ішінде 3 баланы құтқарды. Сондай-ақ, баспалдақ маршы бойынша 15 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды.
Бесінші қабаттағы пәтерден екі адам ауруханаға жатқызылды – ана мен бала иіс тиіп уланған.
Жалын 1-ші қабаттағы баспалдақтың астында орналасқан ағаш қоймадан шыққан.
Өрт сөндірушілер жанып жатқан қоймадан сыйымдылығы 27 литр бос газ баллонын алып шықты.
Өрттің жалпы ауданы 3 шаршы метрді құрады. Өрт болған жерге Қарағанды облысы ТЖД-нің 12 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Қабылданған шаралармен өрт сағат 03:49-да сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі ашық от көзі болды.
ТЖД мамандары өрт шыққан кезде ұстанатын ережелерді еске салады:
- Өрттің алғашқы белгілерінде бірден 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Ешбір жағдайда дүрбелеңге бой алдырмаңыз!
- Қатты түтінді кеңістікте еңбектеп немесе еңкейіп қозғалу керек. Себебі төменде түтін аз болады. Мұрын мен ауызды дымқыл шүберекпен, сүлгімен және өзге затпен жабу керек.
- Егер шығу жолы от немесе түтінмен жабық болса және баспалдақ маршымен жүгіруге мүмкіндік болмаса, балконға шығып, балкон есігін мықтап жауып немесе терезе алдында тұру керек.
- Есіңізде болсын! Өрт кезінде лифтіні пайдалануға тыйым салынады.
Сондай-ақ құтқарушылар азаматтардан өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият, байыпты қарауды және тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды:
- сөндірілмеген темекілерді, сіріңкелерді, шырақтарды және басқа да от көздерін қалдырмаңыз; - электр сымдары мен аспаптарының жарамдылығын қадағалаңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- тек жарамды пеш, газ, электр жабдықтарын пайдалану қажет.