Қазақ қашанда басына қайғы түскен елге жұбату айтып, сабырлық тілеген халық. Қапыдан болған апат қазақ елі үшін орны толмас қайғы болды. Алматы іргесінде орын алған әуе апаты барша отандастарымызды бей-жай қалдырған жоқ. Қайғыдан қабырғасы қайысып, аза тұтқан отбасыларға дүйім жұртшылықпен бірге зиялы қауым өкілдері де қайғырып көңіл айтты. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы апат жағдайына байланысты қайғыға ортақтасып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
«Ең байлығымыз халқымыздың амандығы ғой. Әрине, ештеңе айтып келмейді. Құдайға шүкір, әйтеуір, мына, осы аман қалғандары, ауруханаға түскендері аман-есен аяққа тұрып кетсе екен. Осы адам қауіпсіздігі деген, халқымыздың амандығы деген ол айтылып та жатыр, соған жұмыс та жасалып жатыр. Одан да көбірек көңіл бөлу қажет қой деген ойға келіп жатырмыз.Халқымызға мың тәуба. Мінекей, жұмылып, бірден қан керек десе, қан тапсыруға, басқалай жағдай болса, басқалай барлығы да қолынан келген көмекті жасауға аянып жатқан жоқ», - деді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл МИРАЗОВА.
Қайғылы оқиға қазақтың жазушысы Дулат Исабековтің де көңілін құлазытыпты. Ал, апаттан аман қалғандар мен зардап шеккендер жазушының көңіліне қуаныш болмаса да, жұбаныш болғанын айтады. Қайғы жұтқан отбасылардың қасіретіне көңіл айтқан ел ағасы жаратқаннан халқымыздың енді қара жамылмауын тілеп отыр.
«Махамбеттің өлеңі бар еді: «Тағы да келдік тар жерге, таңдалсаң тағы болар ма, Тәңірім салған бұл іске» деген. Тәңір салды ма, адамдардың өзінің қолынан жасалды ма, әйтеуір, Алматыдан елордаға ұшып бара жатқан ұшақтың тағы да бір үлкен апаты болып, құлап, бәрімізді қайғыртып кетті. Қайтыс болған адамдардың отбасының барлығына шын жүректен көңіл айтамын. Қабырғамызды қайыстырып кетті. Енді бұдан кейін осындай жағдай болмасын дегеннен басқа бізде айтатын амалымыз да жоқ, шарамыз да жоқ. Құдай енді бұндайды басымызға сала көрмесін. Сақ болайық, аман болайық», - деді жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ.