БҚО-да су тасқыны: Дерқұл өзенінде су деңгейі көтерілді

11.03.2023 в 21:16

10 елдімекенде су басу қаупі бар

«Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша Тасқала ауданының Тасқала ауылындағы «Дерқұл-Тасқала» гидробекетінде 11 наурыз күні таңертең Дерқұл өзеніндегі су деңгейі 544 см құрады, тек бір тәулік ішінде судың деңгейі 158 см-ге көтерілді. Шежін-2 ауылында Шежін-2 өзеніндегі су деңгейі 799 см құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Жергілікті жерлерде әкімдіктер мен ТЖД қатарынан кезекшілік ұйымдастырылды. Тұрақты негізде су айдындарына мониторинг жүргізілуде, облыстық ТЖ жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өткізілді.

«Жағдай күрделенген кезге ТЖД құтқару бөлімшелері мен техникасы Тасқала ауданының Тасқала кентіне және Бәйтерек ауданының «Зеленое» кентіне (Шежін-2 кентінің жанында) жеткізілді, халықты хабардар ету жүргізілді. Тасқала ауданы мен Бәйтерек ауданының аумағын Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау жүргізу жоспарлануда»,  деп көрсетті Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ауа температурасы күндіз 2-ден 8 градусқа дейін жылы, түнде 0-ден 5-ке дейін аяз. Дерқұл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 90 см.

Топырақтың қатуы 115 см құрайды, қар тез еріген жағдайда қар суының жерге сіңіп үлгермеу қаупі бар.

2023 жылғы 11 наурыздағы таңертеңгі жағдай бойынша әртүрлі нысандардың жертөлесін су басудың 10 фактісі тіркелді. Орал қаласының жеке үйлерінің үй маңындағы аумағын су басудың 13 фактісі бар. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ, малдар қауіпсіз аймаққа айдалды.

Жергілікті атқарушы органдардың күшімен тәулігіне 6573 м3 қар шығарылуда. Жалпы 315015 м3 қар шығарылды.

«Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге 1142 адам, 362 бірлік техника, 138 бірлік мотопомпа, 178 бірлік су айдау техникасы жұмылдырылды. Тұрғындардан түскен 517 қоңырау пысықталды. 5517 әскери бөлімінің күшімен тұрғын үйлердің еріген қар суы басу қаупін болдырмау үшін құм салынған 25 қап төселіп, 1500 қап дайындалды», – делінген министрліктің хабарламасында.