Алматыда карантин режимін бұзған 1291 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның 399 жазасын өтеу үшін әкімшілік қамауға алынған. Ал 703 адам айыппұл төлеуге міндеттелді. Қалған 189-ына тәртіп сақшылары ескерту жасады. Алайда полицейлер қанша ескерту жасағандарымен ережені бұзатындар саны азаймай тұр дейді. Тіпті әкімшілік қамаудың барына да сенбейіндер қатары көп көрінеді.
«Қазіргі таңда мұндай азаматтар әкімшілік қамауға алынған азаматтарға арналған қабылдау орнында жатады. Ол мына Алматы қаласындағы Лобачевский көшесінде орналасқан. Ол жерге тек әкімшілік кодекстің баптарына сәйкес әкімшілік қамауға алынған азаматтар ғана жеткізіледі», – деді қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.
Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай 1 мамырға дейін созылған. Ал карантин жарияланған Алматыда қажеттілік болмаса, қалада адамдар мен жеке көліктің жүруіне тыйым салынды. Тек азық-түлік және дәрі-дәрмектер алу үшін үйдің қасындағы дүкен мен дәріханаға баруға болады.