Алматыда анасы мен баласын қағып өлтірген жүргізуші ұсталды

20.08.2019 21:26

Алматы қаласының Бұрындай көшесінде әйел мен кішкентай баланы қағып кетіп, оқиға орнынан ізін жасырған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол-көлік оқиғасы 9 тамыз күні болған еді. Бұрындай көшесінде 23 жастағы келіншек пен оның 5 жасар ұлын «BMV» көлігі қағып кетті. Әйел оқиға орнында көз жұмды. Бүлдіршін ауруханаға шұғыл жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. 

«Жүргізуші оқиға орнынан қашып кетті. Оны іздеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. 1986 жылы туған күдікті ұсталды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлік алынып, қылмыстық іс материалдарына тіркелді», - деп хабарлады Алматы Полиция департаментінің тергеу басқармасынан. 

Сондай-ақ полициядан мәлім еткендей, азамат Д.-ға Қылмыстық кодекстің бірден екі бабы бойынша айып тағылуда: 345-бабы 4-бөлігі – екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соғуы және 347-бабы – оқиға орнынан кетіп қалу.