Қызылорда тұрғыны полицейді балағаттап, басымен соққан

14.12.2023 21:18

Бұл қылығы үшін ер адам қамауға алынды

polisia.kz

Қызылордада полицейлер тоқтатқан көлік жолаушысы тәртіп сақшыларының біріне бейәдеп сөйлеп, басымен ұрған. Бұл қылығы үшін ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство ақпараты бойынша, 12 желтоқсанда Қызылорда қалалық полиция басқармасының "102" пультіне хабарлама келіп түскен. Патрульдік полиция қызметкерлері Ж. Баһадүр көшесінің бойында келе жатқан Toyota Camry авто көлігінің алдыңғы терезесі сынғаны анықтаған, кейін жүргізушіні тоқтатқан. Сол кезде құқықбұзушыға заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтыру барысында автокөлік жолаушысы қарсылық танытып, полицейлерге бейәдеп сөйлеп, ПБ қызметкерлерінің бірін басымен ұрған.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, бұрын соттылығы бар күдікті басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 380-бабы 3-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Теги: патруль