Ата-анасынан айрылып, мүгедек болып қалды: павлодарлық әйелдің жантүршігерлік оқиғасы

07.08.2019 21:20

Павлодар облысы тұрғыны ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қабылдауында болды

Павлодар облысы Шідерті ауылының тұрғыны баласымен бірге газ балоны жарылысынан қатты күйіп қалған, деп хабарлайды Sputnik.

Найляна Имашеваның отбасындағы қайғылы жайт былтыр желтоқсан айында болған.

"Бес литрлік баллонды жанармай бекетінде толтырып алып, үйге әкелдік. Кіреберісте тұрды, әлі пайдаланбаған едік. Біраздан соң жарылып кетті. Үйіміз өртеніп, ата-анам қаза болды", - деп 30 жастағы зардап шегуші ішкі істер министріне болған оқиғаны баяндады.

Әйелдің денесі мен бетінің 73%-і күйіп, төрт жасар қызы 60% күйік шалған.

Болған оқиғадан кейін аудандық Полиция департаменті 204-бап (біреудің мүлкін жою және бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғапты. Ал ата-анасының өлімі бойынша полиция іс қозғаған жоқ, біраз уақыттан кейін азаматтық іске айырбастағанын айтқан.

"Полиция мен прокуратураға да арыз жаздық, бірақ ата-анамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғамады. Жанармай бекеті әлі жұмыс істеп жатыр. Кінәлілер жазасын алса деймін", - деді Павлодар облысының тұрғыны.

Жәбірленушіні тыңдап болған соң, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әйел адамға тергеу департаментіне шағым түсіруге кеңес берді. Сол жерде барлық деректі тексереді екен.

Сондай-ақ, министр облыстық департаментке жанармай бекетінің қызметін тексеруді тапсырды.

"Өрт-техникалық сараптама жасаңыздар, тұлғалардың кім екені белгілі. Оларды жауапқа тарту керек. Жазалау туралы бұйрық дайындаңыздар. Керек болса, жұмыстан шығарылсын", - деп тапсырды Ішкі істер министрі Павлодар облысының полиция басшылығына.

Ерлан Тұрғымбаев Павлодар облысының Полиция департаменті жұмысына разы емес екенін атап өтті.

"Адамдар шағымданып келеді. Ешқандай жауап жоқ. Барып тұрған заңсыздық. Барлық дерек бойынша тексеріс жіберемін", - деп министр сөзін түйіндеді.

Министрмен кездесуден кейін Найляна Имашева тілшілерге берген сұқбатында қазір күнкөрісі өте төмен екенін айтты. Ата-анасынан айырылып, жан күйзелісіне ұшырауымен қатар әйел адам қазір туған-туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Оның үстіне, терісін қалпына келтіру үшін ота жасату керек. Мұндай отаның құны Кореяда 70 миллион теңге.

Имашеваның айтуынша, қайғылы жайттан кейін жанармай бекетінің өкілдері зардап шеккендердің отбасына тіпті хабарласпаған да.