5 қаңтарға дейін барлық ұйымдар мен мекемелерде жаңа жылдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Ал, бас санитардың қаулысын біле тұра кейбір кәсіпкерлер заңға бағынбай отыр. Мәселен, 8 қазаннан бері мегаполис бойынша 5 жарым мыңдай нысан тексеріліп, ережені елемеген 1100 мекеме анықталды. Жаңа жыл қарсаңында күшейтілген түнгі тексеріс жұмыстарына Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай да қатысып қайтқан еді.
Демалыс түндері Әуезов ауданында 33 нысанның жұмысы пысықталды. Мониторинг топ бас сұққан алғашқы нысан букмекерлік кеңсе келушілерге лық толы. Ал бетперде тақпағандар түсініктеме жазды. Енді олар 83 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Тәртіп сақшылары жұмыс істеп тұрған тойхананы анықтады. Алайда нысан қызметкерлері есіктерін ашпай, мобильді топ мүшелерін әуре-сарсаңға салып қойды.
Мониторингтік топ ішке тек бір сағаттан кейін ғана кіре алды. Мұнда карантин талаптарын елемей, жаңа жылдық кеш ұйымдастырғандар анықталды. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері қонақтарға қорқор да ұсынған.
Нысан ішінде жүзден аса адам болған. Тәртіп сақшылары ішке енгенше қонақтардың жартысы қосымша есіктен шығып үлгеріпті. Сондай-ақ, келушілер арасында бетперде режимі мен арақашықтықтың сақталмағаны белгілі болды. Тәртіп бұзғандардан түсініктеме алынып, нысан басшысына қомақты көлемде айыппұл жазылды.
«Корпоративтік кеш анықталды. Онда жүзден аса адам болған. Бетперде режимін сақтамағандарға ескерту жасадық. Ал мекеменің ісі жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі», – деді Әуезов ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Тілек Нұржанов.
Келесі анықталған нысан букмекерлік кеңседе де дәл осындай жағдай. Қарапайым карантин талаптары сақталмаған. Келушілер арасында құжатын көрсетуден бас тартқандар да болды.
Қазіргі таңда Әуезов ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Ал бірнеше рет Бас санитардың талабын бұзған мекемелер қатаң жазаланады. 3 нысанның ісі сотқа жіберілген. Енді олардың жұмысы заң жүзінде тоқтатылуы мүмкін. Айта кету керек, бүгінде карантин талаптарының қатаң сақталуына қатысты тексеру жұмыстары күшейтілген.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, Бекзат Үшкемпір, «Алматы» арнасы