Алматыда қоғамдық қор қызметкерлері мен еріктілер түрмеден жаңа шыққан азаматқа уақытша баспана ұсынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлемдегі қиын жағдайда дүйім ел бірін-біріне қол ұшын созуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемдегі қиын жағдайда дүйім ел бірін-біріне қол ұшын созуда. Қоғамдық қорлар мен еріктілер әлеуметтік осал топтарға барынша көмектесуде. Арасында түрмеден жаңа шыққандарды да ұмытпай, уақытша баспана ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені темір тордан босап, бостандыққа шыққандарды күткен жақындары жоқ. Пандемия кезінде олардың барар жер, басар тауы жоқ. Тар қапастың әкімшілігі жазасын өтегендерді қайда орналастырып жатыр?
25 жылға сотталған Анатолий 17 жылдан кейін түрмеден босап шықты. Өйткені, жақсы тәртібі ескеріліп, судьяға жолдаған арызы қанағаттандырылған. Енді ол жаңа өмір бастаймын дейді. Өкініштісі, осындай қиын жағдайда оның баратын жері де жоқ. Ал, жалғыз әпкесі Анатолийге тиесілі пәтерді сатып, шетел асып кетіпті. Дегенмен тағдыры қиын жігітті қалалық қоғамдық қорлардың біріндегі ерікті үйіне алып кетті.
«Мен мына өмірге қайта келгендеймін. Өзіңіз ойлаңызшы, 17 жыл деген бір адамның ғұмыры ғой. Оның сәби кезінен бастап, үлкен азамат болғандағы кезеңді қамтиды. Бостандыққа шығуды ұзақ күттім. Бірақ қазіргі елдегі жағдайға байланысты далада қалдым. Баратын үйім жоқ. Жұмыс табуға да мүмкіндік болмай тұр. Елде мейірімді адамдар бар екен. Жазамды өтеп бітсем де, алдағы өміріме алаңдаған ЛА155/1 мекемесі мен қоғамдық қорға рахмет!», – деді Анатолий ПОТЕХИН.
Анна Коробейщикова бастаған қоғамдық қор түрмеден шыққандарға көмектеседі. Ондағы еріктілердің бірі Андрей шағын бизнесі бар кәсіпкер. Оның жиһаз жасайтын цехы бар. Сөзінше, қасына қолынан іс келетін көмекші керек. Қоғамдық қордың басшысы бұрын сотталғандарды ешкім жұмысқа алғысы келмейді дейді. Ал қазіргі кезде олардың жағдайы тіпті мүшкіл.
«Мен өзім түрмелерге жиі барып, ондағы жағдайды жақсы білемін. Түрмеде жүргенде қоғамнан алшақтап кетіп, кейін үйренісу қиын. Жазасын өтеп шыққандарға сол үшін кешенді бағдарлама жасап жатырмыз. Оларды қолдап, жұмыс тауып жіберуіміз керек», – деді «ҚР Түрме реформасына жәрдем» қоғамдық қорының директоры Анна КОРОБЕЙЩИКОВА.
Болашақта қоғамдық қор сотталып шыққандарды жұмыспен қамтуға көбірек көңіл бөлмек. Олар үшін экологиялық азық-түлікті өсіретін орталық құруды көздейді. Дегенмен жоба қыруар қаржыны талап ететіндіктен тұралап тұр дейді. Егер жүзеге асса, іс оңға басады.
«Біз анализ жасап, күнде мониторинг жүргіземіз. Алдын-ала бостандыққа шықпас бұрын жазасын өтеп шыққалы отырған азаматтың қайда баратынын, кімдердің күтіп отырғанын, алдағы мақсатын  сұраймыз. Егер бостандыққа шыққан соң далада қалу қаупі болса, үй мәселесін шешуге кірісеміз. Жұмыс жағын да қарастырамыз. Себебі жағдайы болмаған адам қайта шалыс басуы мүмкін ғой. Қайта жаңа өмір бастап, мұнда келмеу жолын қарастырамыз», – деді ЛА 155/12 мекемесі басшысының орынбасары
Магнис САБИРОВ.
Ал түрме әкімдігі тар қапастан апта сайын сот шешімімен кем дегенде 5 -тен 7 адамға дейін бостандыққа шығатынын айтады. Алайда, олардың көбінде күтіп алушылар жоқ. Сондықтан, бүгінде дәл осындай қоғамдық қорлардың көмегі керек пікір айтты.  
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы
Новости партнеров