Көкшетауда мектепті тонаған күзетші ұсталды

19.08.2021 21:23

Ол 9 ноутбук, 3 планшет, 3 вебкамера және 3 құлаққапты жымқырған

Фото: ашық дереккөзден

Көкшетауда мектепті тонаған күзетші ұсталды. Күдікті ғимараттан 9 ноутбук, 3 планшет, 3 вебкамера және 3 құлаққапты жымқырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, биыл 17 тамызда облыс орталығындағы учаскелік полиция инспекторына жергілікті мектептердің бірінің директорынан арыз түсті. Директордың сөзінше, биылғы жылғы тамыздың 13-15 күндері аралығында мектептен 9 ноутбук, 3 планшет, 3 вебкамера және 3 құлаққапты белгісіз біреу қолды қылған. Келтірілген шығын көлемі 1,4 миллион теңгеден асады. 

«Жедел іздестіру шарасы барысында осы мектептің үш күзетшісінің бірі ұсталды. 28 жастағы ер адам қылмысын мойындады», деді ведомстводан. 

Қазіргі кезде, осы қылмысқа қатысты Қылмыстық кодекстің 188 бабының 1-ші бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге «келу міндеттемесі» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Теги: Көкшетау